Бүгін «Басқару Колледжі» ЖШС-де түлектерге диплом табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.

2026 жылы колледж 592 жас маманды ел экономикасының түрлі салалары үшін даярлап шығарды. Биылғы түлектер қатарында заңгерлер, бухгалтерлер, менеджерлер, аудармашылар, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы саласының мамандары, интерьер дизайнерлері, энергетика саласының мамандары, қонақүй бизнесі мамандары мен супервайзерлер, сондай-ақ қызмет көрсету саласы, шаштараз өнері, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу саласының білікті мамандары бар. Олар бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға дайын.

Салтанатты рәсімде түлектерді колледж әкімшілігі, оқытушылар, кураторлар, ата-аналар және колледждің әлеуметтік серіктестері құттықтады. Ата-аналар колледж ұжымына сапалы білім мен тәлім-тәрбие бергені үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Ал әлеуметтік серіктестер түлектердің кәсіби даярлығына жоғары баға беріп, олардың бәсекеге қабілетті маман екенін атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар түлектердің диплом алғаннан кейін бірден жұмысқа орналасатынын жеткізді.

Салтанатты шара қуанышқа, мақтанышқа және ризашылыққа толы ерекше атмосферада өтті. Бұл күн түлектер үшін жаңа өмірге және кәсіби еңбек жолына бастар маңызды белес болды.

«Басқару Колледжі» барлық түлектерді оқуын сәтті аяқтауымен шын жүректен құттықтайды! Әрқайсысына кәсіби табыс, биік белестер, жаңа жетістіктер және жарқын болашақ тілейміз!