2026 жылғы 21 қыркүйекте «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Ашық есік күні өтті.
Іс-шараға «Басқару колледжі» ЖШС-нің студенттері қатысты. Бұл кездесу студенттерге Орталықтың қызметімен танысып қана қоймай, бірегей қолжазбалар мен сирек басылымдарды көруге, оларды сақтау мен қалпына келтірудің заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.
Экскурсия барысында студенттер реставрация және консервация бөліміне барып, көне кітаптарды қалпына келтірудің негізгі кезеңдерімен және тарихи материалдармен жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысты. Ал баспа-полиграфиялық бөлімде сирек кітаптар мен қолжазбалардың сақталуын қамтамасыз ету және оларды әрі қарай зерттеу мақсатында цифрлық форматқа көшіру үдерісін көрді.
Кездесудің ерекше қызықты бөлігі – шығыстанушы, ғалым, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі Мұхамедқали Баймұқанов өткізген дәстүрлі қазақ каллиграфиясы элементтері бойынша шеберлік сағаты болды. Бағдарлама «Тарихты таны» интерактивті ойынымен және белсенді қатысушыларды марапаттаумен қорытындыланды.
Кездесудің басты нәтижесі – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен «Басқару колледжі» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа Орталық директорының міндетін атқарушы Ануар Дәулетбекұлы Жанабаев пен колледж директоры Замира Арапбаевна Джункабаева қол қойды.
Меморандум аясында студенттердің Орталық базасында кәсіби практикадан өтуі, тәжірибе алмасу, сондай-ақ білім беру және мәдени жобаларға бірлесіп қатысу көзделген.
Бұл ынтымақтастық студенттерге кәсіби білімдерін нақты ортада қолдануға және жетілдіруге, төл тарихымыздың түпнұсқа мұрасымен жақынырақ танысуға, сондай-ақ оны сақтаудағы өз жауапкершілігін түсінуге мүмкіндік береді.
Біз тарихи және мәдени мұрамызды сақтауға өз үлесімізді қоса алатынымызға және сонымен бірге жас ұрпақтың ел тарихы мен рухани құндылықтарына деген құрметін қалыптастыруға мүмкіндік беретін осы ынтымақтастыққа қуаныштымыз.
Өткеннің мұрасын сақтай отырып, болашаққа жол ашамыз.
